Мәдениет саласы адамдардың өскелең талабын қанағаттандыруға, рухани байлығын, жалпы қабілетін дамытуға, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыруға тиісті болса, бұл міндеттерді іске асыруда кітапханалардың алатын орны ерекше. Жас ұрпақтың санасында туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт-дәстүрін аялай білу, тәрбиелеу кітаптың еншісінде. «Мен кітапхананы ақыл –білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» — деп жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев айтқандай, кітапхана – рухани орда.

«Атырау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің құрылу тарихына көз жіберсек, 1944 жылдардан бастау алады.

Облыстық мемлекеттік мұрағат құжаттарындағы мәліметтерде:

1944 жылы алғашқы қалалық кітапхана болып төрт штаттық бірлікпен  ашылады. Кітапхананың алғашқы меңгерушісі қызметін Балерке Тайманова атқарады. Кейінгі жылдары кітапханада М.Тасмағанбетова, Р.Домбаева, С.Сейітқазиева, Н.Қойжасаровалар меңгеруші болып жұмыс жасайды. Сол кездегі кітапхананың оқырман саны – 504, кітап қоры – 9585 дана болған.

1968 жылы Гурьев қаласы бойынша 10 кітапхана жұмыс жасап, бір кітапханашыға 2254 тұрғыннан келген, кітапхана қоры «Облкнигторг» және оның дүкендері арқылы толықтырылған.

1970 жылы кітапхана меңгерушілігіне В.И.Жидкова тағайындалады.

Гурьев Атқару Комитетінің 25 наурыз 1975 жылғы №111 шешімімен қала кітапханалары «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» болып қайта құрылады.   

1980 жылы қалалық орталықтандырылаған кітапханалар жүйесінің құрамында 1 қалалық орталық кітапхана, 1 қалалық орталық балалар кітапханасы 9 қалалық кітапхана филиалы, 4 қалалық  балалар кітапханасы филиалдары  жұмыс істейді. Жүйенің алғашқы директорлығына Людмила Кушнарева тағайындалады.

1996 жылы жүйеде 15 кітапхана халыққа қызмет көрсетсе, 1997-1998 жылдары оңтайландыру кезінде 6 кітапхана қысқартылды.

2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылында» №1қалалық орталық кітапхананың жанынан №4 қалалық жылжымалы кітапхана, №3 қалалық балалар кітапханасы  ашылды.

Атырау қаласы әкімінің 02 сәуір 2008 жылғы №289 қаулысына орай, 30 қыркүйек 2008 жылғы №85-ші Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бұйрығына сәйкес «№1 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі  атауы  қазан  айында  берілді. 

№2 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі — 1958 жылы  бұрынғы Балықшы аудандық орталық кітапханасы  жаңа  құрылған Гурьев кейін Балықшы ауданы негізінде құрылды.

       1975 жылы ақпан  айының 3-де СССР  мәдениет министрлігінің, СССР Қаржы министрлігінің келісімімен бекітілген Мемлекеттік көпшілік кітапханаларды орталықтандыру ережесіне сәйкес облыста бірінші болып, құрамында 25 кітапханасы бар ОКЖ-нің орталық  кітапханасы болып қайта құрылды.

       1975 жылы Балықшы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде облыстық деңгейде «Мемлекеттік көпшілік  кітапханаларды орталықтандыру» деген тақырыпта семинар өткен.

№2 қалалық орталық кітапхананың алғашқы директоры Аманғалиева Күнайна Аманғалиқызы кітапханаларды орталықтандыру жүйесіне өз еңбегімен үлкен үлес қосқаны үшін «Қазақ СССР-на Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» атағы берілді.

       1988 жылы Балықшы ауданы тарауына байланысты №2 қалалық орталық кітапхана болып қалалық мәдениет бөліміне қарады.        

       1990 жылы Балықшы ауданы қайта құрылып, қайтадан Балықшы аудандық орталық кітапханасы болып Балықшы аудандық мәдениет бөліміне қарады.

       1997 жылы Балықшы ауданы тарауына байланысты №2 қалалық орталық кітапханасы болып Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарайды.

           2008 жылы Атырау қала әкімінің  02 сәуір 2008 жылғы №289 қаулысы негізінде «№2 қалалық  орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды.                

Кітапхана құрылымы: «№2 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесіне қарасты 1 қалалық орталық кітапхана, 1 орталық балалар және 13 ауылдық кітапханаларымен бірлесіп, халыққа кітапханалық қызметпен қатар  әдістемелік орталық болды.

2020 жылдан бастап екі қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесі оңтайландырылып «Атырау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ болды. Қазіргі уақытта жүйе бойынша 28 кітапхана қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, 10 қалалық, 12 ауылдық, 6 балалар кітапхана.

Кітапхана құрылымында кітапхана әкімшілігі, кітапхананы дамыту, әдістемелік жұмыс бөлімі, оқырмандарға қызмет көрсету, құжаттарды жинақтау және өңдеу, қорды ұйымдастыру және пайдалану, ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімдері қызмет етеді.